
Azattyq - Азаттық
🗣
Қырғыз президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиевпен кездескенін айтты
"Иә, біз кездестік. Кеше кешке оны қабылдадым. "Демал, досым, денсаулығыңды күт, сабыр сақта" дедім. Досымның айтуынша, ол "ақсақалдармен" де, "көксақалдармен" де сөйлеспеген. Осыған сүйене отырып, ол адамдар досыма айтпай, жасырын жоспар бойынша өз бетінше әрекет еткен деген ой түйдім",
– деді президент мемлекеттік "Кабар" агенттігіне сұхбатында.
Жапаров бұған қоса Ташиев алдағы уақытта қандай да бір мемлекеттік қызметке бармайды деген. Оның "ақсақалдар" дегені – мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырған ашық үндеу авторлары. Өткен аптада ол үндеуге қол қойғандардың үшеуін – Эмилбек Ұзақбаев, Құрманбек Дыйканбаев пен Бекболот Талғарбековты Қырғызстан ішкі істер министрлігі жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру ісі бойынша ұстаған.
Жапаров 10 ақпанда Ташиевті ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы және үкімет төрағасының орынбасары қызметінен босатқан. Ташиев президентпен қатар елдегі ең ықпалды саясаткерлердің бірі саналып келген еді.
Толығырақ оқыңыз
🔺
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ресейден қуылған әзілкеш Нұрлан Сабыровқа қатысты Қылмыстық кодекстің жалдамалылық туралы бабы бойынша тексеріс бастаған. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметінен алған дерекке сүйеніп Tengrinews сайты жазды.
Тексеріс бастауға белсенді Марат Тұрымбетовтің Қазақстанның Бас прокуратурасына берген арызы түрткі болған. Арызда Сабыров "Легион Вагнер Истра" деп аталатын әскери бөлімшеге 10 мотоцикл табыс еткені түсірілген видео жайлы айтылған. Ол видео былтыр жазда Ресейдің Истра қаласының басшысы Татьяна Викушеваның Telegram-арнасында жарияланған. Қазір ол пост өшірілгенімен, оның көшірмесі бірнеше пабликте сақталып қалған.
Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі жалдамалылық туралы бапта жеті жылдан 12 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Толығырақ
🔴
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстанның конституциялық комиссиясы Конституцияға енгізуге ұсынған өзгертулер билік тармақтары арасындағы
тепе-теңдік жүйесіне және адамның негізгі құқықтарына қатер төндіреді деп мәлімдеді
.
Қазақстан билігі Негізгі заңға енгізілмек өзгертулерді "заңдылық пен тәртіпті" нығайтуды және саяси жүйені жетілдіруді көздейтін қадам деп сипаттап отыр. Алайда HRW өкілдерінің пікірінше, жобадағы бірқатар тұжырымдар, мәселен, құқықтарды қоғамдық тәртіп пен мораль мүддесі үшін шектеуге мүмкіндік беретін нормалар бұлыңғыр жазылған және олар ой-пікір бостандығын, бірлесу еркіндігін және бейбіт жиналыстар өткізу құқығын өз бетінше шектеу үшін қолданылуы мүмкін.
Құқық қорғаушылар саяси партиялар мен кәсіподақтарға шетел қаржысын пайдалануға тыйым салуды, үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қолдау алатыны туралы ақпаратты ашық жасауға міндеттеуді және ереуілге шығу құқығы жөнінде ештеңе көрсетілмеуін сынға алған. Олар мұндай жағдай азаматтық қоғамға қысым көрсетуге әкелуі мүмкін екенін айтқан.
HRW ұйымын жобада некеге тек "ер мен әйел арасындағы одақ" ретінде анықтама берілгені, оған қоса халықаралық құқықтың ұлттық заңнамадан басым екені жазылған баптың алынып тасталуы және омбудсменді тағайындау тәртібінің өзгеруі де алаңдатып отыр. Ұйымның бағалауынша, бұл өзгерістер құқықтық қорғаныс кепілдіктерін әлсіретуі ықтимал. Бұған қоса HRW жаңа жобаға сын айтқандарға қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.
❗
Никиша мен Әжғалиев ширек финалда
Қысқы олимпиадада шорт-тректен қазақстандық Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша 500 метрге жүгіру жарысында ширек финалға шықты.
Әжғалиев өз тобында бірінші орын алса, Никиша үшінші орын алғандар арасында ең жоғарғы көрсеткішпен өтті.
Әжғалиевтің тобында үшінші келе жатқан. Мәреге екі бір айналым қалғанда түркиялық Фуркан Акар құлап, латвиялық спортшыны Рейнис Верзинсті де құлаты. Үшінші орында келе жатқан Әжғалиев бірінші орынға шығып кетті (суретте). Акар жазаланып, пенальтимен жарыстан шықты.
500 метрлік жарыстың ширек финалы, жартылай финалы және финалы 18 ақпанда өтеді. Әжғалиев пен Никиша осы 500 метрге жақсы жүгіреді. Әжғалиев 2022 жылғы олимпиадада 4-орын алған еді. Ал Никиша бұл қашықтықта екі рет әлем чемпионатында күміс иеленген.
🗣
Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас одаққа мүше мемлекеттер үкіметтері Украинаның одаққа кіруінің
нақты мерзімін атауға әлі дайын емес деп есептейтінін
мәлімдеді.
Калластың бұл пікіріне Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс те қосылған.
"Иә, біз Украинаға Еуропа одағында орын барын түсінеміз, иә, көптеген мемлекет басшыларымен әңгіме барысында олар нақты күнді белгілеуге дайын емес-ау деген ой туады",
– деді Латвия президенті.
Ринкевичс Украинаны Еуропа одағына мүше етіп қабылдау "көп жағдайда бейбіт келісімге байланысты" екенін айтқан.
"Бейбіт келісім бола ма, жоқ па? Ресейдің қандай да бір әрекет жасамақшы екенін көріп тұрған жоқпын. Егер Ресей әрекет етпесе, онда келісім де болмайды",
– деді ол.
Сенбі күні өткен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы барысында Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келісім жасасу үшін қауіпсіздік кепілдіктерінің бір бөлігі ретінде елдің Еуроодаққа қосылу мерзімін белгілеу қажет екенін тағы қайталады.
🔸
Польша президенті Кароль Навроцкий Polsat News телеарнасына берген сұхбатында елдің ядролық жобаға қатысуын "қатты қолдайтынын"
мәлімдеді
.
Оның пікірінше, халықаралық тұрақсыздық күшейіп, қауіпсіздік саласындағы жағдай белгісіз болып отырған шақта Польша бұл бағыттағы жұмысты "барлық халықаралық нормаларды сақтай отырып" бастағаны жөн болмақ.
"Біз – қарулы қақтығыстың дәл шекарасында орналасқан мемлекетпіз. Агрессивті, империялық Ресей федерациясы Польшаға қалай қарайтыны белгілі",
– деді Навроцкий.
Польшада ядролық бағдарлама пайда болса, оған Мәскеудің реакциясы қандай болуы мүмкін деген сұраққа президент Навроцкий "Ресей кез келген нәрсеге агрессивті реакция білдіруі мүмкін" деп жауап қатқан.
❗️
Қазақстанның қорғаныс министрлігі
16-18 ақпан аралығында Жетісу және Алматы облыстарында әскери бөлімдер дайындығын
тексермек.
"Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында әскери техниканың қозғалысына байланысты автожолдардың жекелеген учаскелерінде қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін",
– деп хабарлаған министрлік жұртшылық пен БАҚ өкілдерін "жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге" шақырған.
Бұл шара кезінде қандай әскери бөлімдер мен әскери техника түрлерінің дайындығы тексерілетіні және олар нақты қай жерге баратыны айтылмаған.
⚡️
️АҚШ әскери күштері Үнді мұхиты аумағында иран мұнайын тасымалдады деген күдікпен америкалық санкциялар тізіміне енгізілген
Veronica III танкерін ұстады
.
Министрлік мәліметінше, АҚШ әскері кемені Кариб теңізі аймағынан бастап Үнді мұхитына дейін бақылауда ұстаған.
"Кеме президент Дональд Трамп енгізген карантин шектеуін айналып өтуге тырысты", - делінген ресми мәлімдемеде.
Өткен аптада америкалық әскери десант Үнді мұхитында Aquila II танкерін қолға түсірген. Әскери мамандар ол кемені де Кариб теңізінен бастап бақылап отырған. Танкер санкция салынғанына қарамастан, Венесуэла мұнайын Қытайға жеткізуге әрекет жасады деген күдікке ілінген.
19 жастағы Мизерныхтың 8-орны – жетістік. Неге?
🔹
Қысқы олимпиадада қазақстандық қазақстандық 19 жастағы Илья Мизерных шаңғымен үлкен тұғырдан секіруде 8-орын алды. Бұл – Қазақстанның шаңғымен секіруден қысқы олимпиадалардағы ең жоғарғы нәтижесі. Кейінгі үш олимпиадада қазақстандық тұғырдан секірушілер 40-60 орындарды алатын.
🔹
Алматылық Мизерных бірінші секірісінде 140,5 метрге, екіншісінде 136 метрге секірді. Олимпиадада Мизерныхтан басқа ешкім 140,5 метрге секірген жоқ Бірақ ол жерге қонған кезде сәл қателесіп, төрешілерден төмендеу ұпай алды.
🔹
Дегенмен қазақстандық Италиядағы олимпиадада Германия, Финляндия, Франция, АҚШ, Швейцария спортшыларын озды. Бұл – Мизерныхтың да карьерасындағы ең үздік нәтижесі. Жас спортшы 2024 жылы Кангвонда (Корея) өткен жасөспірімдер олимпиадасында үлкен тұғырдан секіруден чемпион атанған еді.
🔹
Демек қазақстандық жанкүйерлер үшін қысқы спортта жолына үмітпен қарайтын тағы бір жас спортшы шықты.
Алматыда жанкүйерлер мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің ескерткішіне гүл қойып жатыр. Жұма күні қазақстандық Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанауда Милан олимпиадасында чемпион атанған еді. Шайдоров жеңісінен кейін Денис Тенді еске алып, Денис Теннің жеңістері карьерасына әсер еткенін айтқан.
2014 жылы Сочи олимпиадасында қола медаль алған Денис Тен 2018 жылы жазда көлігіне ұрлыққа түскендердің қолынан қаза тапқан еді.
Жанкүйерлер Теннің Қазақстан спортына, елдегі мәнерлеп сырғанауға үлкен серпіліс берді деп санайды.
t.me/azattyq