
Қазақ әдебиеті
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста,
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
//
Мұқағали Мақатаев - Үш бақытым
t.me/adebiett
Жаныңда болсам деймін, жүзімнен әр тайғанша,
Жанымда болсаң деймін, қалжырап-қартайғанша.
Жаныңда болсам деймін, кешіксең күту үшін,
Бір өліп, бір тіріліп бірге дем жұту үшін...
Сені іздеп сағынғанда, сабылып барсам деймін,
Сыз өтіп табанымнан ауырып қалсам, мейлі!
Сүрінсең, демеу болсам, жаныңа ұшып барып,
Ренжітсең, еркелесем көліктен түсіп қалып...
Еркіңе бағынбасам – басылсаң ұрсып барып,
"Қырсық!",– деп құшақтасаң, танаудан түртіп қалып.
Адассам жол таба алмай, "Келе ғой, Күнім!"– десең,
Ешкім де жоғалмаса, ештеңе бүлінбесе...
//
Айгүл Жұмаділ
Дүние толды өсек-аяң, жер солды,
Елемесең, елім, байқап оң, солды.
Өтер жолың тайғақ кешу тар жол-ды,
Байқамастай, елім, саған не болды?
Жұрт жиналды, кеңес құрды, тарады,
Оң жағына өз елінің қарады.
Ықтырмасын жел бетіне қадады,
Ескерместей, елім, саған не болды?
Дұспан шықты, жан-жағынды қамады,
Жиғаныңды алды, өртеді, талады,
Қарсылассаң тамағыңнан шалады,
Мұны көрмей, жұртым, саған не болды?
Үрім-бұтақ ұрпағыңды құл етер,
Әлпештеген аруыңды күң етер,
Жарық сәуле бостандыққа мұң етер,
Ойламастай, жұртым, саған не болды?
Сен жатырсың қатты, терең ұйқыда,
Өзді-өзіңмен алысуда миқыда,
Талас-тартыс үнемі ызы-қиқыда,
Оянбастай, жұртым, саған не болды?
Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,
Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің.
Азаматың аттан ұшса «шоқ» дейсің,
Ұялмастай, жұртым, саған не болды?
Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің,
Ар-намыстан жұда болған ел ме едің?
Қаның қара, басқалардан кем бе едің,
Қозғалмастай, жұртым саған не болды?
Қаның таза, сен олардан кем емес,
Сен артықсың, олар саған тең емес.
Өз бойыңа осы жүріс жол емес,
Байқамастай, жұртым, саған не болды?
Алатаудан асып барып жайлаған,
Беткейінде құлын-тайын ойнаған,
Ойына алған ісін етпей қоймаған,
Ел емес пе ең, жұртым, саған не болды?
Шыңғыс, Бати хандық құрып тұрған ел,
Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел,
Қарсылаған дұспан жауын қуған ел,
Емес пе едің, жұртым, саған не болды?
//
Ғұмар Қараш - Саған не болды?
Дей алмассыз айтқаның шала мына,
Ілінсек те жиі сын садағына.
Қолындағы тәттісін балаға емес,
Қазақпыз ғой сақтайтын қонағына.
Жақсы адамға өсек те таңылмайды,
Шіріткендей құмалақ қарын майды.
Неге екенін қуанса, қиналса да,
Біздің қазақ шүкірден жаңылмайды.
Уа, балақай, қалайсың ісің нешік,
Отырамыз алаңсыз пікірлесіп.
Тәубе құдай жазба деп бергеніңнен,
Ақырында тараймыз шүкір десіп.
Біреулердің сынаймыз ісін кей біз,
Ал өзіміз түк нәрсе бітірмейміз.
Бір баспана тұрғызсақ сыртын мақтап,
Жарар осы жетеді, шүкір дейміз.
Жағдайға да мән беріп, түсінбейміз,
Іргемізді қайтіп дос бүтіндейміз.
Мейлі өрт шалсын, су бассын, қалдық аман,
«Бастан құлақ садаға» шүкір дейміз.
Сырқаттың да байқамай күшін кей біз,
Алдын алып, қамданып, күтінбейміз.
Ауруды да жасырып, сұрай қалса,
Жаңа ыстық шай іштім шүкір дейміз.
Өмір бізге мүмкіндік ұсынды ерен,
Қапы қалма, адамзат, түсін дер ем.
Тайға таңба басқандай болса да анық,
Күн кешеміз осылай шүкірменен.
Кей әрекет десек те бүтін бұзды,
Жол іздейік басқаша ұтымды, ізгі.
Тойдырғанмен қанағат қарнымызды,
Онша алысқа апармас шүкір бізді!
//
Бижан Қалмағанбетов - Шүкіршілік немесе қазағым
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр.…
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзауқора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса, Қазан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың.
//
Рахымжан Отарбаев
Біріншіден не жаман?
Білімсіз болған ұл жаман.
Екіншіде не жаман?
Ананың тілін алмаған,
Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіде не жаман?
Үш жерінен буғызып,
Көрге салған сол жаман.
Төртіншіде не жаман?
Төресін ғаділ бермеген,
Парақор болған би жаман.
Бесіншіден не жаман?
Бес уақыт намазың
Қаза болған – сол жаман.
Алтыншыда не жаман?
Алғашқы алған әйелің,
Көп ішінде кеңкілдеп,
Тіл алмаған сол жаман.
Жетіншіде не жаман?
Жеткіншекте оқ тиіп,
Жетпей қалсаң, сол жаман.
Сегізіншіде не жаман?
Серке санды ат мініп,
Сергелдең болған жол жаман.
Тоғызыншыда не жаман?
Торғайдай болған бір басың
Топқа түскен сол жаман.
Оныншыда не жаман?
Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Бір перзенттің жоғынан,
Мұңлық болған сол жаман.
//
Ақтан Керейұлы
– Бұл дүниеде не жетім?
– Кім қажетсіз болса, сол жетім.
Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Қаптап елі қонбаса,
Жайылған малы болмаса,
Көкорай шыққан балқашы,
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
Ішсең, суы құрсағыңа жақпаса,
Адам менен мал түгіл,
Қаңғырған қарсақ татпаса,
Ащы дария көл жетім.
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Қайғысы келіп күңіренген,
Күнінде асыл десең де,
Қартайған күнде ер жетім,
Басшысыз қалған шәр жетім.
Қартайса, бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
Қырға шықса, белім деп,
Ойға түссе, тізем деп,
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң,
Кемпір менен шал жетім.
Бақыты тайған би жетім,
Қатынсыз қалған үй жетім,
Сатып алған құл жетім,
Құлдықта қалған ел жетім.
Азамат ерлер қайғы етер,
От басында жыласа,
Жас төгіп сәби бір жетім.
Ақырында тәрк етуге жарамас
Ерлердің еткен құрметін.
//
Қашаған Күржіманұлы
Дос емес, дос сыртынан жамандаса,
Несі дос, бір қатесін жаба алмаса?
Дұшпан шіркін сыртыңнан не демейді,
Қауіп етіп бір адамнан ұялмаса.
Дос емес, достың сөзін бөтен десе,
Достықтан бір өкпемен кетем десе.
Арадан неғып достық табылады,
Саған да бір іс тауып етем десе.
Дос емес, достың сөзін көтермесе,
Салған жерден түбіңе жетем десе.
Не қылып дос атына қосылады,
Көтермей бір сөзіңді, бүйтем десе.
Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,
Жуырда түрткеніне жарылмайды.
Жақсы-жаман айтты деп елемейді,
Бақ-дәулет сол адамнан арылмайды.
Нағыз дос бір-біріне елең болмас,
Өкпені қауіп іздеп тізген болмас.
Ондай өкпе болса да өткізеді,
Бір-бірі шын достыққа келген жолдас.
Нағыз дос бірін бірі жамандамас,
Араға көп өкпе сап табандамас.
Көңілі татулықты іздеп тұрар,
Жөніне татулықтың шабандамас.
Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз,
Жасыған жездей қылып майырмаңыз.
Сыр алмаған біреумен дос болам деп,
Сыр алған досыңыздан айрылмаңыз.
//
Серәлі Еруәліұлы - Дос емес, дос сыртынан жамандаса